Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында «Бұл ғажайып әрі нәзік әлем» атты сурет көрмесінің ашылуы өтті. Іс-шараны «Stop Musor» әлеуметтік жобасы шеңберінде Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы ұйымдастырды.
Қоршаған ортаға төнген қатерді айқын көрсету арқылы адамдардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды көздеген жоба «Таза болса табиғат, таза болар адамзат» ұранын алға ұстаған. Белгілі отандық суретшілер Нелли Бубэ, Мұхит және Руслан Ақанаевтар, Сәуле Сүлейменова, Жәмилә Такен, Шаттық Батан, Алмас Нұрғожаев, Нұрболат Асқар, Камила Баянова, Равиль Нарегеев, Темірәлі Нәжімеденовтердің қаламынан туған шығармалар тақырыпты аша түскен. Суреттер сериясы 30-дан астам туындыдан тұрады, оған әртүрлі тәсілдерді ұштастырып, қолданыста болған қайталама материалдардан жасалған жұмыстар кірген.
– Көрме аясында қала тұрғындары мен қонақтары біздің шеберлердің картиналары арқылы Қазақстанның көрікті табиғатын тамашалай алады. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау өткір мәселе екеніне назар аударады. Әртүрлі көркемдік техниканы қолдана отырып, қайталама материалдардан жасалған жұмыстардың болғаны қуантады. Бұл шығармашыл жастар үшін үлкен өнеге. Көрмеге сәттілік тілеймін және жұмысты үйден шықпай-ақ экспозицияны онлайн тамашалай алатынын айтқым келеді, – дейді «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Президиумының Төрайымы Әлия Назарбаева.
Тұжырымдамаға сәйкес көрме екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім авторлардың шығармашылық міндеттерін айқындап тұрғандай. Мұнда еліміздің тұмса табиғатын көрсететін көркем туындылар қамтылған. Экспозицияның екінші бөлімі қоршаған ортаны ластанудан қорғау қажеттілігі туралы сұрақтар туғызады. Көрме айналаға ұқыптылықпен қарауға, сондай-ақ қайталама шикізатты қайта өңдеуге бейстандарттық, шығармашылық тұрғыдан келуге шақырады.
«Жалпы, көптеген тұтынушы қоқысты дұрыс тастаса да, қоршаған орта тым көп мөлшердегі қалдықтармен ластануда. Өкінішке қарай, адамдар қалдықтардың мөлшері мен құрамы, ыдырау қабілеті туралы қате түсініктерге байланысты қоқыс мәселесін жауапкершілікпен қабылдамайды. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығымен бірге біз бұл мәселені кешенді тәсілде, соның ішінде хабардарлықты арттыру шараларын қолдана отырып шешеміз. «StopMusor» жобасы аясында атқарылып жатқан барлық белсенділік қоғам назарын қоқысты дұрыс кәдеге жаратуға аударады деп үміттенемін. Соның ішінде қоқысты пайдаланумен орындалған өнер туындыларына арналған бүгінгі көрме де бар», – деп атап өтті Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі Филип Моррис Интернэшнл компаниясының директоры Хуан Карлос Эскобар.
Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаевтың пікірінше, «StopMusor» сияқты әлеуметтік жобаларға өнер өкілдерін тарту өте маңызды. Көрме көпшілікке елде және әлемде бар экологиялық мәселелер туралы ақпараттық түсінік береді. Мұндағы өнер – зияткерлік және білім беру көпірі. Себебі келушілердің түйсігі көрмеден кейін өзгеруі мүмкін.
Деректер көзі: egemen.kz