Бүгін елордада министрлік, экологиялық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен «Қазақстанда қалдықтармен жұмыс істеу: практикалық мәселелер» атты онлайн-конференция өтті. Жиынға қатысқандар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды қайта өңдеудің үлесін арттыру, жаңа Экологиялық кодекстегі ерекшеліктермен қатар, StopMusor әлеуметтік жобасының іске асырылуын талқыға салды. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалдықтармен жұмыс істеу - экологияның ең өзекті мәселелерінің бірі. Бурабай курорттық аймағының ластануына байланысты оқиғалар мен пайдаланған медициналық маскаларының қала көшелерінде шашылып жату салдары қоғамдық резонанс тудырып, экологиялық тәрбиенің маңыздылығын тағы бір рет көрсетті. Халықтың экологиялық мәдениеті мен жеке моральдық-этикалық нормалары мен көзқарастарының деңгейін арттыруды экологиялық білім арқылы дарыту қажет.
Осы орайда, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов елдегі экологиялық мәселелерді шешуге арналған мемлекет қолға алған шаралар туралы айтып берді. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасы президентінің 2020 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындылары бойынша берген тапсырмалар қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы шараларды қабылдау кезінде қоғам мен мемлекеттің қалдықтарды басқару жөніндегі басымдықтары анықталып, бірінші кезекте қоршаған ортаны жақсартуға және қалдықтарды басқаруға бағытталып отыр.
Қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға жеткізілмек
«Бүгінде азаматтарды экология, қоршаған ортаның жай-күйі көбірек мазалайды. Қоғам барлық экологиялық мәселелерге бей-жай қарамайтынын көріп жүрміз. Азаматтарымыздың азаматтық позициясы мен белсенділігі бізді одан да тиімді шаралар қабылдауға итермелейді. Өздеріңіз білетіндей, Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40% -ға дейін, 2050 жылға қарай - 50% -ға дейін арттыру керек», - деді ол.
Оның мәліметінше, бүгінде елімізде 31,6 миллиард тонна өндірістік қалдық пен 125 миллион тонна қатты қалдық жинақталған. Негізінен өнеркәсіптік қалдықтардың көлеміне техногендік минералды түзілімдер (ТМТ) жатады, оның ішінде шөгінділер мен күл, шлактар (жалпы көлемнің 70%), өңдеу өнеркәсібінің қалдықтары (жалпы көлемнің 10%) және басқа да қызмет түрлері ( 20%) құраған. Оларды қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, қайта өңделген және кәдеге жаратылған өндіріс қалдықтарының үлесі 2020 жылы 36% құраған. (2019 ж. - 34%, 2018 ж. - 32,2%), 2020 жылы қайта өңделген және кәдеге жаратылған қатты қалдықтардың үлесі - 18,3% (2019 ж. - 14,9%, 2018 ж. - 11,51%) құрады.
Сонымен бірге, Ахметжан Пірімқұлов еліміздің 204 қаласы мен аймағында әр түрлі сатыдағы қатты қалдықтарды бөлек жинау 94 пунктте, ал сұрыптау - 80 елді мекенде енгізілгенін атап өтті. Ал, тұрмыстық қатты қалдықтарды Нұр-Сұлтан, Шымкент және Жаңаөзен қалаларындағы фабрикаларда, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қайта өңдеуге арналған 218 кәсіпорында сұрыпталып, өңделеді.
Қоқыс полигондарының 18%-ында ғана санитарлық нормалар сақталған
Вице-министрдің дерегінше, республикада 3 292 қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар, оның 601 полигоны (18,2%) экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келеді, оның ішінде Нұр-Сұлтандағы (1 полигон), Шымкенттегі (1 полигон) және Жамбыл облысындағы (162 полигон) полигондарда экологиялық стандарттар сақталған.
Осы орайда, оның айтуынша, қалдықтардың жиналуын азайту үшін WASTE TO ENERGY технологиясын қолдана отырып, энергия қалдықтарын кәдеге жарату заңнамалық негізде енгізілген. Қалдықтар өртеліп, электр қуаты өндіріледі, содан кейін олар жалпыға ортақ электр желісіне сатылады.
«Бүгінгі күні 6 пилоттық қала анықталды. Олар - Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент. Әкімдіктермен жер учаскелерінің, инфрақұрылымның және кепілдендірілген қалдықтарды тиеу туралы мәселелерге қатысты белсенді түрде зерттеу жүргізілуде. Пилоттық жобалар сәтті жүзеге асырылған жағдайда, тәжірибе басқа қалаларға таратылатын болады», - деді Ахметжан Пірімқұлов.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін инфрақұрылым жасалуда
Министрлік өкілінің айтуынша, ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) механизмі қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған инфрақұрылым жасап жатыр. Бүгінгі таңда сынап шамдарын жинауға арналған 2 321 контейнер, бөлек жинауға арналған 12 196 контейнер және электр жабдықтары үшін 150 контейнер орнатылып, қайта өңделетін материалдарды қабылдаудың 147 пункті құрылған.
«2020 жылы қабылдау пункттеріне 41 262 бірлік ескі автомобиль қабылданды (2019 ж. - 35 733 тонна), қайта өңдеуге 44 183 автокөлік жіберілді (2019 ж. - 40 230 тонна), 35,8 мың тонна өңделді (2019 ж. - 33,5 мың тонна)», - деді ол.
Ғарыштық мониторинг жүрігізіліп жатыр
Сонымен қоса, вице-министр қалдықтарды орналастыру орындарына «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК »АҚ-мен бірлесіп ғарыштық мониторинг жүрігізіліп жатырғанын атап өтті.Оның айтуынша, 2020 жылдың аяғында рұқсат етілмеген 8884 полигон анықталды, оның 7 147 қоқыс полигоны жойылды, яғни 80%-ы.
«Мемлекеттік мүдделі органдармен бірге өздігінен төгілген қоқыстарды жою және алдын-алу бойынша жүйелік шаралар қабылдау, ведомствоаралық іс-шаралар жоспары әзірленді, қалдықтарды көму орындары мен «Таза Қазақстан» рейдтері жүргізілді, халыққа парақшалар таратылды, экологиялық мәдениетті дамытып, сенім телефоны құрды, 2020 жылдың шілдесінен бастап оған 1099 өтініш келіп түскен», - деді ол.
Жаңа Экологиялық кодекстегі ерекшеліктер
Ахметжан пірімқұловтың сөзінше, жаңа Экологиялық кодекстегі өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару мәселелерін жетілдіру аясында өндіріс пен тұтыну қалдықтары мәселелері халықаралық талаптарға сәйкес келтірілген.
«Кодекс қалдықтарды кезең-кезеңімен басқаруға бағытталған қалдықтар иерархиясын қарастырады. Бұл дегеніміз, ең алдымен, қалдықтардың пайда болуын барынша азайту қажет, пайда болған қалдықтар қайта пайдаланылуы, қайта өңделуі, кәдеге жаратылуы және тек ең соңында полигондарға шығарылатын болады. Сондай-ақ, халыққа қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеудің ұтымды жүйесі және қалдықтарды бөлек жинау туралы ақпарат берілмек», - деді ол.
Сондай-ақ, қалдықтардың классификациясы Еуропалық қалдықтар каталогына сәйкес келтіріледі және қауіпті емес және қауіпті қалдықтардың тізімін қамтитынын атап өтті. Сонымен бірге, оның мәліметінше, жаңа Экологиялық кодекстегі заңсыз үйінділер мәселесін жүйелі түрде шешу үшін қоқыс шығаратын көлік құралдарына GPS датчиктерін міндетті түрде орнату, қалдықтарды тасымалдау туралы хабарлау тәртібі және қауіпті қалдықтарды лицензиялау мәселелері қарастырылған.
Осылайша, оның пікірінше, бұл нормалар экологиялық ахуалды түбегейлі жақсарту үшін стимулға айналуы және тұрғындарды қолайлы жағдаймен қамтамасыз етуі керек.
StopMusor әлеуметтік жобасының іске асырылуы
Бұдан бөлек, жиынға қатысқан «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрайымы Айгүл Соловьева «Stop musor» жобасын іске асыру барысы, қоғамның экологиялық мәселелерді шешуге қосқан үлесі хақында ой қозғады.
«Өткен жылдың маусым айынан бастап Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы экологиялық жағдайды жақсартуға көмектесу үшін Филипп Моррис Қазақстанның қолдауымен StopMusor әлеуметтік жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның негізгі бағыты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындарына бағытталған. Бүгінгі пікірсайыс алаңы осы жоба аясында ұйымдастырылды және 24 қаңтарда атап өтілетін Дүниежүзілік білім күніне орайластырылған», - деді ол.
Басқарма төрайымының пікірінше, 2020 жылы Көбейтұз көлінің ластануы мен Каспий теңізіндегі итбалықтарды таспен ұру, осы секілді оқиғалар қоғамның наразылығын тудырды. Бұл оқиғалар бізге экологиялық мәдениет пен экологиялық білімнің маңызды екенін көрсетті.
«Осыған байланысты, 2020 жылдың шілдесінде үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан мектептерінде балаларға экологиялық білім беру пәнін енгізуді тапсырды. Ол жыл сайын экологиялық проблемалардың өзекті болып отырғандығына назар аударды»,- деді Айгүл Соловьева.
Оның пайымынша, әсіресе, қаладағы қалдықтардың көбейіп, қаланы ластап отырғаны алаңдатарлық мәселе. Олардың көпшілігі тұтынылған, тұрмыстық өнімдер, бірақ морфологиясы әртүрлі. Бұл азық-түлік, құрылыс, полиэтилен, қағаз, электр құрылғылары, сонымен бірге, құрамында қауіпті сынап, темекі тұқылдары түрінде, тіпті кәмпит орамдары секілді қалдықтар. Олар тек қалаларды ластап, қоқыс төгіп қана қоймай, қоршаған ортаға зиянын тигізеді, салдарынан көптеген полигонның құрылуына әкеп соғады. Осылайша, рұқсат етілмеген полигондар пайда болады, оларды сонда өртеп, жердің ғана емес, сонымен қатар біздің азаматтар тыныс алатын атмосфералық ауаның ластануын арттырады.
Қалаларда қоқыс шығару көрсеткіші өскен
Сонымен қоса, ол COVID-19 пандемиясына байланысты тұрғындардың жаппай оқшаулануына қарамастан, Қазақстан қалаларында қоқыс шығару көрсеткіші өскенін атап өтті.
«Біз, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы ретінде, осы бағытта белсенді жұмыс істейміз, атап айтқанда, экологиялық сауаттылықты арттыру, азаматтардың тұрмыстық қалдықтардың жоюға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Жобаның негізгі серіктестері Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктері»,- деді ол.
Сонымен бірге, басқарма төрайымы өткен жылдың сәуір айында жобаны бастамас бұрын Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындары арасында онлайн-сауалнама жүргізілгенін тілге тиек етті.
«Олардың нәтижелері бойынша, респонденттердің көпшілігі қалалардың қоқысқа толғанын түсінеді. Әрбір екінші респондент өзінің қоғамдық орындарда ұсақ тұрмыстық қалдықтарды (шыныаяқ, бөтелке, темекі қалдықтары және т.б.) жиі кездестіретінін атап өтті. Қазіргі жағдай қала тұрғындарын алаңдатады және олар адамдардың қоқысты қоқыс жәшіктеріне тастамайтындығын да айтып өтті» , - деді Айгүл Соловьева.
Шағымдарды ecokarta.kz веб-сайтына жіберуге болады
Оның сөзінше, іс жүзінде жоба бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Соның ішінде мақсатты топтармен халықтың экологиялық мәдениетін көтермелеуге және жақсартуға бағытталған іс-шаралар бар.
«Мысалы, біз мобильді қосымша мен арнайы stopmusor.kz веб-сайтын құрдық, мұнда әр тұрғын жобаның іске асырылуы мен өзектілігі туралы ақпарат таба алады. Біздің іс-шаралар аясында түрлі іс-шараларға, акцияларға қатысып, пікірлес адамдармен танысуға мүмкіндік бар. Мобильді қосымшаның көмегімен сіз өзіңіздің қалаңыздағы рұқсат етілмеген қоқыстар туралы шағым түсіре аласыз. Сонымен, барлық мәліметтер ecokarta.kz веб-сайтына жіберіліп, біздің Ассоциацияның мамандарымен өңделеді», - деді басқарма төрайымы.
Полиэтилен пакеттерден жасалған «Астана аспаны» картинасы
Сонымен бірге, ол елорданың қала күніне орай саябақтарда полиэтилен пакеттерін жинауға арналған экологиялық акциялар ұйымдастырылғанын еске салды. Жиналған 4000 пакеттер мен целлофандардан белгілі суретші Сәуле Сүлейменова «Астана аспаны» картинасын жасады. Елодадағы «Жетісу» саябағында таныстырылым өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына тамашалауға мүмкіндік берілді. Кейін Алматы қаласы күніне орай оңтүстік астанаға жіберілген болатын.
«2020 жылдың 1 қыркүйегі мен қарашасы аралығында елорда және Алматы қаласында қоқыс тастаумен күресудің үздік бастама үшін жастар арасында бейне-байқау ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша 4 жеңімпазға 4 аталым бойынша бастамаларын жүзеге асырғаны үшін бағалы сыйлықтар табысталды», - деді ол.
«Эко толкс» шарасы
«Қараша айында Алматыда оңтүстік астананың экологиясын жақсарту бастамаларын талқылау үшін «Эко толкс» шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара ARTiSHOK театрының базасында өтті, онда театр әртістері, экологтар мен қала белсенділері қысқа қойылым форматында өз шығармаларының мысалында экологиялық мәселелерді шешудің тәсілдері туралы әңгімелесті. Біз сенбіліктер де өткіземіз, әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс істеп, түрлі челлендж ұйымдастырып жатырмыз», - деді Айгүл Соловьева.
Жоба аясында, оның сөзінше, биыл серіктестермен бірге бірқатар іс-шара жоспарланған. Мәселен, ақпан айында Эко-толкстің Нур-Сұлтан қаласында қызықты баяндамашылардың қатысуымен Дармарканың көрмесі өтеді. Сондай-ақ, қалдықтарды қайта өңдеу зауытына жастардың, блогерлердің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен білім беру экскурсиясы, «Жер сағаты» кезекті Дүниежүзілік экологиялық акция ұйымдастырылмақ.
«Біз адамдардың назарын қалалардағы қоқыс мәселесіне аудару арқылы олардың мінез-құлқын және тұрмыстық қалдықтарға деген көзқарасын өзгертуге болады деп ойлаймыз. Өйткені, тазалық тазаланған жерде емес, қалдық тастамайтын қоғамда ғана болады», - деп түйіндеді.
Айта кетейік, «Stop Musor» жобасы халықтың экологиялық сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ, азаматтар арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін сіңіруге бағытталған.
Дерекер көзі: strategy2050.kz