Жыл сайын әрбір қазақстандық жарты тоннаға жуық қоқыс тастайды
07.04.2021

Ашық диалог алаңында “StopMusor” әлеуметтік жобасының нәтижелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Онда адамдарға қоқысты арнайы жәшікке апарып салуды үйрету және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының қоқыстану жағдайы туралы сөз болды. Сондай-ақ, жыл сайын әрбір қазақстандықтың 450 келіге дейін қоқыс тастайтыны алаңдатарлық мәселе. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлайды.

Онлайн-баспасөз конференциясы барысында Қазақстанның экологиялық ұйымы қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов, Экологиялық ұйымдар қауымдастығы ЗТБ (заңды тұлғалар бірлестігі) төрағасының орынбасары Асхат Сүлейменов жоба барысында пайда болған қиындықтар мен нәтижелер және жобаның тиімділігі туралы айтып берді.

Әдетте, жыл сайын әрбір қазақстандық шамамен 400-450 келі қоқыс шығарады. Қалдықтардың көпшілігі тұтыну өнімдерінен және бөтелке, кәмпит орамы, қорап, тағы да басқа ұсақ бөліктерден тұрады. Тәжірибе көрсеткендей, барлық жерде арнайы қоқыс жәшіктері мен полигон бола бермейді. Сондықтан, қоқыстар сыртқа лақтырылып, қалдықтар тау болып үйіліп, заңсыз полигондар көбеюде.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде өткен жылы  8884 стихиялық қоқыс орны пайда болған. Нәтижесінде, қоқыс сыртқа лақтырылған кезде, ол қаланы ластап қана қоймайды, сонымен қатар, денсаулыққа қауіпті заттар шығарып, қоршаған ортаға зиянын тигізеді.

“StopMusor” жобасының мақсаты – адамдарды қалдықтарға жауапкершілікпен қарауға, қоғамдық орынға қоқыс тастамауға үйретуге және айналасындағы адамдарды экологиялық мәдениетке үйретуге, сол арқылы қалалық эко-жүйелерді қорғауға бағытталған. Жоба басталғаннан бергі 9 ай ішінде арт-көрме, сенбілік, зияткерлік байқау мен қоғамдық пікірталастарды қамтитын жан-жақты онлайн және офлайн іс-шаралар, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды ақпараттық науқан өткізілді. Сонымен қатар, мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтардың атсалысуымен олардың өз қаласындағы экологиялық мәселелер туралы, қалалық қызметтердің сапасын тексеруге бағытталған мобильді қосымша мен сайт іске қосылды. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Алматы  қаласында анимациялық бейнежазбалар әзірленсе, Нұр-Сұлтан қаласында полиэтилен пакеттерін жинау бойынша экологиялық акция ұйымдастырылды.

Суретші Сәуле Сүлейменованың пайдаланылған полиэтин пакеттерінен жасаған «Астана аспанының астында» атты өнер туындысы Нұр-Сұлтан қаласында көрсетілді. «Еріктілерге арналған эко-мектеп» онлайн-курстары, Ақмола облысы Аққөл ауданының Талқара ауылында «Пластикке жоқ деп айтайық» атты экофестиваль ұйымдастырылды. Алматы қаласында АРТИШОК театры негізінде «ECO TALKS» іс шарасы мен «Қазақстандағы қалдықтарды басқару: практикалық мәселелер» атты онлайн-конференция көпшіліктің көңілінен шықты. Мұнан өзге шараларда өз деңгейінде ұйымдастырылды.

Жыл сайын 180 елде миллиондаған адам жарық пен электр құрылғыларын бір сағатқа өшіреді. Оның мақсаты – адамзат назарын планетамыздағы климат өзгерісіне аудартып, экологиялық мәселені бірлесіп шеше алатынымызды көрсету.  Ал  “StopMusor” жобасы да алдағы уақытта дәл сондай маңызды шараның бірі ретінде қоршаған ортаны қорғаудың үлгісіне айналады деп сенеміз.

Деректер көзі: 7-su.kz

Поделиться:
Тут и до меня было грязно
Не оставляй меня