ТДМ: Климаттың өзгеруі, экологиялық сауатталықты арттыру мен қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру мәселелері
17.11.2021

Бүгін елордада ЕАЭО-ға қатысушы елдер БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асырудағы қолға алған іс-шаралар мен тәжірибелерді талқыға салуда. Күн тәртібіндегі мәселелер қатарында азаматтарды экологиялық сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, қоқыс тастау деңгейін төмендету үшін тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықтарды шығару мәдениетін қалыптастыру, сонымен қоса білім беру, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту секілді проблемалар бар. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Аталған конференцияның мақсаты — ТДМ-ны іске асыру саласында тәжірибе алмасу және олардың қатысушы елдер экономикасына әсерін ету арқылы халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. ТДМ-ға қол жеткізу үшін азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен бизнесті ынталандыру құралдарын әзірлеу және тұрақты әрекеттестік үшін тиімді механизмдерді талқылау.

Жиын барысында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева сөз алып, аталған мекеменің тұрақты даму саласындағы барлық мақсатты қамтитын көптеген іс-шаралаға белсенді түрде қатысатынын, сонымен бірге бастамашылық жасайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, Айгүл Соловьева бұған дейін Түркістанда Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының қолдауымен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының (АЭҰҚ) бастамасымен «Өңірлік ынтымақтастық және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жолдары» атты І Орталық Азия форумы өткенін еске салып өтті. Форумда климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп жатқан сын-қатерлері айтылып, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі жағдайды сараптау нәтижесінде нақты қандай іс-шаралар қолға алынатыны талқыға салынды.

«10 жылдан кейін планетадағы орташа температура 1,5 градустан асып, жауын-шашынның түсуі де біркелкі болмайды. Бұл құрғақшылық пен су тасқынының көп болуына әкелуі мүмкін және Орта Азиядағы елдерге де кері әсер етеді», — деді Қауымдастық төрайымы.

Сонымен қатар, ол мұхиттың қышқылдануы артып келетінін, жердің деградациялануы жалғасып жатқанын, көптеген жануар түрлерінің жойылу қаупі төніп тұрғанын да атап өтті.

«Өткен ғасырда экономикалық және әлеуметтік прогрес қоршаған ортаның деградациялануымен қатар жүрді, бұл біздің болашақтағы дамуымызға ғана емес, біздің өмір сүруімізге де тікелей қауіп төндіріп отыр. Жаһандық деңгейде біз экономикамызды дамыту мақсатында табиғи ресурстарды шектен тыс пайдаланып келеміз. Әлемде қалдықтардың көлемі өсуде. Адам тұтынуы үшін өндірілген азық-түліктің шамамен үштен бірі жыл сайын жоғалады немесе ысырап болады, мұндай ысыраптардың негізгі бөлігі дамыған елдерге тиесілі. Материалдық қажеттіліктерді қанағаттандыру ресурстардың артық пайдаланылуына және қоршаған ортаның одан әрі нашарлауына әкелмеуі үшін шұғыл шаралар қажет», — деді Айгүл Соловьева.

Сондықтан, ол ресурстардың тиімділігін арттыру, ысырап жасауды азайту және экономиканың барлық секторында тұрақты тәжірибеге көшу үшін бағдарламаларды іске асыру қажеттігін баса айтты.

Бұдан бөлек, ол Қауымдастық «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС қолдауымен «Stop Musor» әлеуметтік жобасының екінші кезеңін жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті. Жоба қала тұрғындарының сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, қоқыс тастау деңгейін төмендету үшін тұрғындар арасында тұрмыстық қалдықтарды жауапкершілікпен шығару мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған.

«Бұл жобаның бірінші кезеңі екі қаланы – Нұр-Сұлтан мен Алматыны қамтыды. Жоба аясында 1 миллионнан астам адам офлайн-онлайн режимде қатысты. 20-дан астам іс-шара өткізіліп, экологиялық бұзушылық туралы шағым беруге болатын мобильді қосымша әзірленді, ол автоматты түрде біздің қоғамдық экологиялық мониторинг картасына түседі. Ал, бүгінде жоба бүкіл Қазақстанды қамтуға бағытталған», — деді Қауымдастық басшысы.

Айгүл Соловьеваның пайымынша, қазіргі уақытта ТМД-ға назар аударатын іс-шаралар мен платформалар саны өте аз. Сондықтан, осындай басқосулар барлық қатысушы үшін пайдалы болатынына сенім білдірді. Өйткені, ТДМ білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту салаларындағы бірқатар мәселені шешуге, сондай-ақ климаттың өзгеруіне қарсы тұруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

Бағдарламаға сәйкес, екінші күні, яғни ертең барлық қатысушы, белсенді мен ерікті үшін түрлі тақырыпта онлайн-тренингтер өткізіледі. Атап айтсақ, «Үй жағдайында қалдықтарды бөлек жинау принциптерін енгізу»; «Әлеуметтік желілер үшін бейнеконтент жасау бойынша шеберлік сабағы – вирустық бейнероликтің құпиялары»; «Нетворкингке арналған шеберлік сабағы» және «Көшбасшылық қасиеттерді дамыту. Көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» секілді әс-шарала ұйымдастырылмақ.

Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің, мемлекеттік органдардың, бизнестің, ЕЭА қатысушы елдердің азаматтық қоғамының өкілдері қатысып жатыр.

Айта кетейік, аталған халықаралық конференция StopMusor әлеуметтік жобасы шеңберінде Қазақстанның экологиялық ұйымдарының Қауымдастығының ұйымдастыруымен өтуде.

Деректер көзі: strategy2050.kz

Поделиться:
Это все обо мне!
Я тоже узнаю новые вещи!